Осыдан 30 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Негізінен бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 – ші жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.

 

Осы мереке аясында мектебіміздің жас мамандары А. Асқаров, А. Салыбай, Ж. Арыстанова, А. Тұрсын Кеңгір селосының тыл ардагерлері — Белгибаева Рысалды және Байдрахова Қатша әжелеріміздің үйіне барып, жағдайларын біліп, ақ баталарын алып қайтты. Рысалды әжеміз қарт ұстаз, Тыл ардагері, өмірінің көп жылын ұстаздық қызметке арнаған, Еңбек ардагері. 87 жастағы әжеміз 10 ұл — қыздың анасы, алтын құрсақты Батыр — Ана. Қатша әжеміз Қарсақпай ауданында дүниеге келген 1978 жылдан бері Кеңгір селосының тұрғыны, тыл ардагері. Қатша әжеміз өзінің 85 жас өмірінде, 11 ұл – қыз тәрбиелеген. Мектеп жастары атаулы мереке алдында ардақты ардагерлерді құттықтап, еңбек жолдарын ардагерлерінің ақ батасын алудан бастады.

 

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың Ұлытау, Жезқазған өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.

 

Қарттарымыз — асыл қазынамыз. Қарттары бар ел — бақытты ел. Сондықтан ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын!!!